Балалар саңыраулығы

Бір мың баланың ішінен әрбір екі бала өмірінің алғашқы екі жылы барысында есту қабілетінен толығымен айырылып қалып жатады. Алайда түрлі себептерден ересек адамдардың да есту қабілеті азаюы немесе дәрігерлер тілімен айтқанда «саңыраулық дамуы» мүмкін. Бұл ауру неге пайда болады және оның туындауына қалай шек қоюға болады? Талқылап көрелік.

Балалар саңыраулығы – бұл айтылған сөзді және қоршаған дыбыстарды естуге кедергі келтіретін, әртүрлі дәрежеде көрініс беретін есту қабілетінің төмендеуі.

Балалар саңыраулығының белгілері ретінде баланың ойыншықтың дыбысына, ана дауысына, шақыруға, сұрақтарға, сыбырлап сөйлегенге еш мән бермеуі, гулеп және былдырлап дыбыстамауы, сөйлеуінде және психикалық дамуында аутқулардың дамуы және т.б. қарастыруға болады.

Бала жасында естуден айрылып қалу баланың сөйлеу қызметінің және ақыл-ойының дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан балалар саңыраулығын ерте анықтау және оңалту тәжірибелік педиатрияның негізгі міндеті болып табылады.

Этиологиялық шарттылық бойынша саңыраулық тұқымқуалаушылық, туа біткен және иеленген саңыраулық болып бөлінеді.

Есту анализаторындағы ақаулықтың орналасу орнына байланысты саңыраулық төмендегідей түрлерге бөлінеді:

  • нейросенсорлық (сенсоневралды) балалар саңыраулығы дыбыс қабылдау аппаратының: сыртқы құлақтың, есту нервісінің немесе есту анализаторының орталық бөлімдерінің зақымдануы салдарынан дамиды;
  • кондуктивті балалар саңыраулығы дыбыс өткізу аппаратының: сыртқы құлақтың, дабыл жарғағының және ортаңғы құлақтың (есту сүйектерінің) зақымдануы салдарынан дамиды;
  • аралас балалар саңыраулығы дыбыс қабылдау және дыбыс өткізу қызметтерінің бір уақытта бұзылуы салдарынан дамиды.

Кондуктивті саңыраулықтың себептері аденоидтар, ринит, гайморит аурулары және мұрын арқылы тыныс алуды бұзатын барлық үрдістер болуы мүмкін.

Кондуктивті саңыраулықтың алдын алу үшін ринит пен гайморитті толық жазылғанша дейін дұрыс емдеу, қажет болған кезде аденоидтарды уақытында жою керек.

Көпшілік адамдар бала кезінде жіті орта отитпен ауырады. Мұндай отиттің белгілері анық сезіледі, құлақ қақсап ауырады. Көпшілік жағдайда жіті орта отит жіті респираторлық вирусты жұқпалардың асқынуы салдарынан пайда болады, оған әртүрлі риниттер себеп болады. Жіті орта отитті уақытында емдеп, дәрігер жазып берсе, антибиотиктерден бас тартпау қажет. Халық емі көмегімен бұл ауру емделе қоймайды.

Нейросенсорлық саңыраулықтың себептеріне төмендегілерді жатқызуға болады:

  • тұқымқуалаушылық (ата-аналарының немесе жақын туыстарының саңыраулығы);
  • туа біткен (асфиксия, жүктіліктің токсикоздары, бассүйекішілік зақымдану, жаңа туған нәрестенің гемолитикалық ауруы, шала туылғандық);
  • есту мүшелеріне зиянды әсер ететін ототоксикалық дәрілерді – хинин, фуросемид, аспирин, сондай-ақ атауы «цин» деп аяқталатын стрептомицин, линкомицин, мономицин, канамицин сияқты антибиотиктерді қабылдау... Әсіресе олар кішкентай балалар мен жүкті әйелдер (баланың есту мүшелері зақымдалады) үшін зиянды;
  • әйел адам жүктілік кезінде қызамық, грипп, цитомегаловирус, герпес, токсоплазмоз сияқты жұқпалы және вирусты аурулармен ауырған болса, бұл нәрестенің денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Сенсоневралды саңыраулықтың осы түрлері туындаған жағдайда ерте тексеруден өту қажет. Егер баланың саңыраулығы бір жасқа толмай анықталмаса, онда ол ешқашан сөйлей алмайды, саңырау ғана емес, мылқау, яғни – мүгедек болады.

Жіті сенсоневралды саңыраулық грипптен кейін, нерв-психикалық жарақаттан кейін туындайды, кейде еш себепсіз пайда болады. Кенеттен құлақтың біреуі «өшіп» қалған сияқты болады. Бұл ауру, өкінішке орай, бүгін балалар арасында да кездеседі. Мұндай жағдайда дәрігер-сурдологқа ертерек жүгіну қажет. Уақытында емделген кезде, аурудың бірінші аптасында есту қабілетін қайта қалпына келтіруге болады. Ауру басталғалы көп уақыт өтетін болса, емдеу соғұрлым тиімсіз болады.

Сенсоневралды саңыраулықтың алдын алу шараларына төмендегілер жатады:

  • жүкті болмай тұрып, алдын ала қызамыққа қарсы егу;
  • балалар мен жүкті әйелдерге ототоксикалық дәрілер орнына басқа дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер беру;
  • жүктілік кезінде инфекциялық жұқпалардың алдын алу. Болашақ ана көпшілік болатын жерлерге бармауы, иммунитетін арттыруы және т.б. тиіс;
  • отбасында саңыраулық бар болса, жүкті болмай тұрып генетик кеңесіне жүгіну қажет.

Баланың естү мүшелерінің зақымдануын уақытында емдеу үшін ата-аналар нені білуі тиіс:

Нәрестенің тууына дейін болашақ ананың картасында ол ауырған барлық вирусты аурулар, жақын туыстарының саңыраулығы, ототоксикалық дәрілерді қабылдау, токсикоздар туралы белгіленуі қажет.

Нәресте туғаннан кейін бірінші екі тәулік ішінде баланы дәрігер-неонатолог қарайды және есту қабілетінің төмендеуіне күдік туатын болса, дәрігер қосымша тексеруге жібереді. Қосымша тексеру бала өмірінің алғашқы бір айы барысында өткізілуі тиіс. Шала туған нәрестелерді стационардан шықаннан кейін дереу тексереді. Күдік расталса, баланы сурдологиялық кабинетке жібереді. 6-8 айында балаға сурдопедагогпен сөйлеуді дамыту жаттығуларын жүргізу үшін есту аппараты қажет.

1,5 жасында бала естімесе, онда кохлеарлы имплантация – электродтарды құлақ қалқаншасына енгізу мәселесі көтеріледі.

Балалардың саңыраулығын ерте кезде тексеру үшін Ана мен бала орталығында отоскопия, аудиометрия, акустикалық импедансометрия, отоакустикалық эмиссияны тіркеу, есту әлеуеттерін анықтау сияқты зерттеулер жүргізіледі.

Саңыраулықтың себептері мен түрлері есепке алына отырып, Қазақстанда дәрі-дәрмекті және физиотерапиялық емдеу, есту протездерін қою, функционалды отохирургия, кохлеарлы имплантация емдеу әдістері қолданылады.

Өмірдің барлық дыбыстарынан толық ләззат алуға тілектеспіз!

Ана мен бала орталығының сурдолог – оториноларинголог дәрігері Хамитова Жанна Калеловна