Балалардағы миопияның алдын алу және көру қабілетін жақсарту жолдары

20.03.2025
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы миопия – қазіргі таңның өзекті мәселесі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлем бойынша  3,4 миллиард адамға «Миопия» диагнозы қойылғанын көрсетеді. Оның ішінде 369 миллионға жуығы - кәмелетке толмағандар және бұл көрсеткіш қарқынды өсуде. Мұндай өкінішті статистика офтальмологияда тұтас тұжырымдаманың - «Мектеп миопиясының» пайда болуына әкелді.
Миопия - адамның алыстағы объектілерді нашар көруімен сипатталады, бірақ жақын жерде орналасқан нысандар қиындықсыз көрінеді. Бұл суреттің фокусының әдеттегідей торлы қабыққа емес, оның алдына орналастырылуымен түсіндіріледі. Осыған байланысты, көздің қабығына сурет бұлыңғыр болып жетеді.
Әдетте көз шар тәрізді болса, миопия кезінде оның ұзындығының бақылаусыз ұлғаюы орын алып, көз алмасы ұзарады. Бұл аномалия кескіннің фокусының бұзылуына әкеледі және баланың белсенді өсу кезеңінде пайда болады.
Бала оқуды және жазуды жаңадан үйреніп жатқан кезінде, көздің алғашқы, кейде шамадан тыс кернеуі пайда болады. Теледидарды көру, смартфондар мен компьютерлерді жақын қашықтықта пайдалану балалардың әлі толық қалыптаспаған көру жүйесіне әсер етіп, миопияның дамуын тездетеді.
Миопияның негізгі симптомы - қашықтықтан көру өткірлігінің төмендеуі. Бірақ, кішкентай балаларда миопияны анықтау қиындық туғызады. Себебі, ол асимптоматикалық түрде дамуы мүмкін. Алайда, баланың мінез-құлқына, қылықтарына назар аудару - мәселені ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Балаңызды бақылаңыз: егер ол ойыншықтарын немесе кітапты көзіне жақындататын болса немесе жиі көздерін қысып, уқалайтын болса - бұл дабыл қоңырауы болуы мүмкін.
Миопиясы бар мектеп оқушыларын мазалайтын шағымдар:
• мәтінді/ұсақ бөлшектерді көру үшін көзін қысып сығырайту;
• бас ауруы, бас айналу; 
• көздің құрғауы, әсіресе оқығаннан немесе теледидарды көргеннен кейін;
• бұлыңғыр көру; 
• оқу және жазу кезінде тез шаршау.
Егер сіз балаңызда аталған белгілерді байқасаңыз, көру қабілетін тексеру және тиісті ем-шара алу үшін балалар офтальмологынан кеңес алу қажет!
 
Миопияның пайда болуына және өршуіне әсер ететін факторлар:
• Жұмыс аймағының нашар жарықтануы
• Шаршау 
• Теледидарды көргенде немесе компьютерде жұмыс істегенде режимді сақтамау
• Тұқым қуалаушылық (ата-анасының біреуінде миопия болған кезде). 
• Витамин тапшылығы, дұрыс емес тамақтану. 
• Белсенді емес өмір салты. 
• Телефон, планшет смартфонды шектен тыс уақыт пайдалану.
 

Миопияның дамуын болдырмаудың негізгі әдісі - уақытылы офтальмологтың профилактикалық тексеруі. Көбінесе балалар көру қабілетінің төмен екенін түсінбейді, тек арнайы жабдықты пайдаланатын дәрігер ғана осы немесе басқа да офтальмологиялық сырқатты анықтай алады. Миопия анықталған жағдайда, дәрігер көзілдірік пен контактілі линзаларды тағу қажеттілігін анықтайды, егер қажет деп танылған жағдайда, міндетті түрде дәрігер-офтальмологтың арнайы тексерісінен кейін жеке таңдалады. Қазіргі таңда миопияның өсуін тежейтін бірнеше әдіс белсенді түрде танымал болып келе жатыр, олар: ортокератология (түнгі линза), дефокусты күндізгі линза және Стеллест көзілдірігі.

 
Балаларыңызда жоғарыда аталған шағымдарды байқасаңыз, міндетті түрде балалар офтальмологының кеңесін алыңыз. Миопия диагнозы қойылған жағдайда, көру қабілетін жоғарылату мақсатында «Ана мен бала орталығында» аппараттық плеоптикалық ем алуларыңызға болады. Емді көз микрохирургия бөлімінде және емханадағы «Балалардың көру қабілетін қорғау» кабинетінде ала аласыздар.
 
Қорыта келе, балалар мен жасөспірімдерде көз ауруларының алдын алу үш ережеге негізделген – пайдалы тамақтану, белсенді өмір салты және көру гигиенасы. Алғашқы екі тармақпен барлығы түсінікті, ал көру гигиенасы дегеніміз не?
Көру гигиенасы – көздің шаршауын болдырмайтын және көру қабілетін сақтауға бағытталған шаралар кешені. Мұндағы ата-ананың басты міндеті -  балада көзді ішкі және сыртқы зақымдаушы факторлардан қорғайтын дұрыс әдеттерді қалыптастыру.
Көру гигиенасы  бірнеше негізгі ережелерден тұрады: 
1. Гаджеттерді, кітаптарды немесе дәптерді көзге тақап апарға тыйым салынады. Көзден көру объектісіне дейінгі оңтайлы қашықтық 30-40 см болып саналады. 
2. Компьютерде жұмыс істегенде, кітап оқығанда немесе үй тапсырмасын орындағанда әр 20 минут сайын үзіліс жасау керек. Мұнда қарапайым жаттығу көмектеседі - көзіңізді бірнеше секундқа мықтап жауып, қайта ашып, қашықтыққа қарау керек. Бұл жаттығуды 4-5 рет қайталау ұсынылады. 
3. Тербеліс кезінде көрудің шамадан тыс кернеуін болдырмас үшін гаджет немесе кітапты жатып немесе көліктің қозғалысы кезінде оқуға болмайды. 
4. Үй тапсырмасын орындауға арналған жұмыс орнын ыңғайлы, біркелкі және жеткілікті жарық қылып ұйымдастырыңыз.
 
 
 
 
 
 
Кабанбаева Назгул Куандыковна, дәрігер-офтальмолог, ШЖҚ КМК «Ана мен бала орталығы»