Балалардың жіті улануы

Улану – қоршаған ортадан бір немесе бірнеше уытты заттардың енуі салдарынан ағзаның физиологиялық функцияларының бұзылуын тудыратын патологиялық үрдіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша экономикалық дамыған елдерде балалардың жіті және созылмалы улануының саны жылдан жылға көбеюде.

Балалар көбінесе кездейсоқ уланып қалады және мектепке дейінгі жастағы балалар жиі уланады. Жіті улану жыл мезгіліне байланысты туындайды. Көбінесе көктемде және күзде улану саны көбейіп, қыста және жазда азаяды.

Педиатриялық токсикологияда улы заттарды қолданылу мақсатына қарай бөлетін улар тізімі маңызды болып табылады:

  1. тұрмыстық химия заттары;
  2. өнеркәсіптік улар;
  3. дәрілік құралдар;
  4. алкоголь және оның жасанды өнімдері;
  5. улы өсімдіктер мен саңырауқұлақтар.

Жіті улану көбінесе дәрілік құралдарды қолданудан жиі пайда болады. Бүгінгі күні улану туғызатын 300-ден астам дәрілік құралдар белгілі, олардың кейбір түрлері балалар үшін аса қауіпті болып табылады (аминазин, эуфиллин, бромкамфора, амитриптилин және т.б.). Дәрілік құралдармен улану жиі жағдайда оларды шамасынан тыс қолданған кезде, бала ағзасы бұл дәріге жоғары сезімталдық танытқанда, бірнеше дәрі-дәрмекті бір уақытта ішкенде туындайды. Балалар көбінесе үйде дәрі-дәрмектердің дұрыс жерде сақталмауына, балалардың қолы жететін жерде орналасуына байланысты кездейсоқ уланып жатады. Балалар әдемі көрінетін бұршақ тәріздес, капсула пішінді дәрілік құралдардың сыртқы түріне қызығады.

Этил спирті (этил ішімдігі) – халық жиі қолданатын дәрілік құралдардың бірі. Ол арақтың негізгі құрамдас бөлігі болып табылады, әртүрлі алкогольді ішімдіктердің, кейбір дәрілік құралдардың құрамында болады. Алкогольді ішімдіктерден улану 8-15 жас аралығындағы балаларда жиі байқалады, өте аз алкоголь мөлшерінің өзі бала ағзасында өте ауыр уыттануды тудырады.

Уыттану дегеніміз сырттан келіп түскен немесе ағзаның ішінде пайда болған у (токсин) әсерінен ағзаның зақымдануы.

Тұрмыстық улану арасында көміртек тотығы, тұрмыстық газ, пайдаланылған газ (әсіресе 1-3 жас аралығындағы балаларда газдалған көшеде серуендеу кезінде туындайды), сілтілер, қышқылдар (сіркесу қышқылы және т.б.), тұрмыстық химия заттары (кір жуу ұнтағы, әртүрлі тазалағыш құралдар және т.б. ), улы (карбофос, жәндіктерді, кеміргіштерді жою құралдары) заттармен улану жиі кездеседі. Әсіресе бұл заттар балалардың қолы жететін жерде орналасқан кезде улану жағдайлары жиі туындайды. Уытты емес заттар тобы да дұрыс қолданылмаған жағдайда улануға апарады. Бұл топқа дәрумендер, косметикалық құралдар (әртүрлі кремдер, сусабындар, дезодорант, ерін далабы және т.б.), акварель бояулары, түрлі түсті борлар жатады. Кездейсоқ улану әсіресе 1-3 жас аралығындағы балалардың қоршаған ортамен танысуы кезінде туындайды, өйткені бұл жастағы бүлдіршіндер көзіне түскен заттарды ұстап қана қоймай, дәмін татуға тырысады. Жазғы мерзім кезінде көбінесе саңырауқұлақтармен, улы өсімдіктермен улану жиі орын алады. Баланы жәндіктер (бал арасы, аралар) және улы жыландар (сұр жылан және т.б.) шаққанда да ауыр уыттану туындауы мүмкін.

Жасөспірімдер арасында (12-14 жас) ерекше сезімдерді сезіну үшін саналы түрдегі улану – токсикомания кездеседі. Мұндай кезде жасөспірімдер дәрілік құралдарды (димедрол және т.б.) шамасынан артық қолданады, «Момент» желімі, бензин буларын иіскейді, саңырауқұлақтар-галлюциногендерді және т.б. жейді. Эмоциялық жағынан лабильді (тұрақсыз), жабырқаңқы (депрессиялық) көңіл-күйге бейім келетін жасөспірімдер отбасындағы немесе балалар ұжымындағы (мектеп және т.б.) келіспеушіліктер салдарынан суицидтік, яғни, өзін-өзі өлтіру мақсатымен әртүрлі дәрілік құралдарды қолдануы мүмкін.

Ана мен бала орталығына жыл сайын әртүрлі жағдайда уланған балалар түсіп жатады, олардың көпшілігі арнайы бөлімшелерге жатқызылады. 2016 жыл барысында уланып түскен науқастар саны – 91 адамды құрады, олардың ішінде этил спиртімен уланғандар – 3, тұрмыстық заттармен уланғандар – 46, өсімдіктермен – 36, улы саңырауқұлақтармен және өсімдіктермен – 3, өрмекші және жылан шаққан науқастар саны – 3. Стационарда бұл науқастарға жоғары мамандандырылған емдеу қызметі көрсетіледі. Бірнеше күннен кейін балалар сауығып, үйлеріне қайтады. Әрине, кейде өмірін сақтап қалу үшін реанимацияға түсетін жағдайы ауыр балалар да кездеседі. Ата –аналар үшін жіті уланудың алдын алу туралы сұхбат жүргізіледі.

Клиникалық тізімдеме бойынша жіті уланудың 4 мерзімі бар: латентті (жасырын), токсикогенді (резорбтивті), соматогенді (кейін білінетін асқынулар) және қайта қалпына келу.

Латентті мерзім – уды қабылдаған сәттен бастап токсикогенді симптомдардың пайда болуына дейінгі уақыт. Удың тері, ағзаның шырышты қабаттары арқылы немесе ингалляциялық жолмен (салицилаттар, СО, ФОБ, ұшатын көмірсутектер, спирттер, эфирлер және т.б.) енуі және ағзаға күйдіргіш заттардың (қышқылдар, сілтілер, тотықтар) әсер етуі кезінде улану әсері бірден байқалмайды.

Токсикогенді мерзім – у ағзаға сіңіп, уланудың ерекше белгілері пайда болады және улы заттар ағзаның белгілі мүшелері мен жүйелеріне әсер ете бастайды. Ағзаның эндогенді уыттануы орын алады. Бұл мерзімнің ұзақтығы улы заттың токсикодинамикасы мен бала ағзасының жағдайына байланысты анықталады.

Соматогенді мерзім – ағзадан у шығарылғаннан кейін басталады және екінші мәртелік асқыну түрінде дамиды, осы токсинге тиесілі патологиялық синдром мен аурулар пайда болады: бензин, керосин, күйдіргіш заттармен уланғанда жіті пневмония, ауыр металдар тұздарымен уланғанда жіті бүйрек жетімсіздігі , боз арамқұлақпен және т.б. уланғанда бауыр жетімсіздігі пайда болады.

Қайта қалпына келу – бұл жіті уланудан кейін клиникалық сауығу мерзімі. Бұл кезде уланған бала ағзасында жүйкелік, вегетативті, эндокриндік, иммундық жүйелердің жетімсіздігі түрінде зақымдану белгілері сақталады, бала ағзасына оңалту үрдісі қолданылып, ол дәрігердің бақылауында болады.

Әрбір улануды емдеудің төрт шарасы белгіленген: удың ағзаға сіңіп кетуіне жол бермеу, уға қарсы дәрілік затты ағзаға енгізу, ағзадан улы заттарды шығаруды тездету және улану салдарынан зардап шеккен мүшелерді емдеу. Уланған баланы өз күшімен емдеуге болмайды: оны тек дәрігер емдеуі тиіс! Бірақ дәрігер келгенше уақытты бос өткізіп алмау керек: ағза мүшелерінің зардап шекпей тұрғанда ағзадан улы заттарды шұғыл шығаруға әрекет жасау қажет.

  • Жедел жәрдем дәрігерлері келгенге дейін баланы төсекке жатқызу керек. Егер орталық жүйке жүйесінің қозуы, естен тану жағдайлары байқалса, үлкен жастағы балаларды көрпемен орау қажет, ал омырау еметін балаларды жаялықпен құндақтау керек. Бала өз құсығына тұншығып қалмауы үшін оның басын бір жаққа қисайтып, сол жағдайда ұстап тұру қажет.
  • Егер бала құсып қойса, саусақпен жаялық, орамал арқылы баланың аузын тазалау керек.
  • Науқас балаға үнемі бақылау жасау қажет! Баланы ешбір сәтке қараусыз қалдыруға болмайды. Сіз баланың жанында болып, аурудың жаңа белгілерінің пайда болуын бақылауыңыз қажет, жаңа белгілер туындаса ол туралы келген дәрігерге міндетті түрде айту керек.
  • Улануды тудырған тағамды (дәрі-дәрмекті) қолданғаннан кейін 2 сағат өтпес бұрын баланың асқазанын тазалау қажет. Үлкен жастағы саналы бала уланған кезде оған 1-1,5 стақан жылы ауыз суын ішкізіп, күштеп құсқызу керек (екі саусақты тілдің түбіне басу қажет). Бұл әрекетті бала асқазанынан таза су шыққанша 1-3 рет қайталау керек. Соңғы рет су берген кезде суға белсенді көмір (5 таблетка) қосу қажет және баланы енді құсқызбау керек. Кіші жастағы балаға (жұту қабілеті болса) асқазандағы уытты заттың әсерін азайту үшін белсенді көмір салынған (3 таблетка) ауыз суын ішкізеді.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

Мына жағдайларда баланы күштеп құсқызбау қажет:

  • бала бір жасқа толмаса: тұншығып қалуы мүмкін;
  • бала ес-түссіз жағдайда болса: тұншығып қалуы, тыныс алу жолдары жабылып қалуы мүмкін;
  • бала бензин, қышқыл немесе сілтілермен уланса: құсқан кезде өңеші күйіп қалуы мүмкін;
  • сапасыз тағам қабылдағаннан кейін 2 сағаттан астам уақыт өтсе: күштеп құсу еш нәтиже бермейді.

Улану кезінде қандай әрекет жасамау керек?

  • балаға ешқандай таблетка және ауырсынуды азайтатын дәрі беруге болмайды. Мұндай әрекет аурудың клиникалық сипатын бәсеңдетіп, ары қарай тексеруге кедергі келтіреді;
  • асқазан толық тазаланып болмайынша балаға су және тамақ беруге болмайды.
  • баланың іш жағына жылытатын немесе суытатын компресстер жасауға болмайды.

«Ана мен бала орталығы» реаниматолог-анестезиолог дәрігері Кәкенов Еркен Қанатбекұлы