Ауыз қуысының гигиенасы
Ауыз қуысының гигиенасы
Жыл сайын «4 маусым күні» медициналық қауымдастық Дүниежүзілік кариеске қарсы күрес күнін атап өтеді. Бұл іс-шара халықты стоматологиялық денсаулықты сақтау әдістері туралы кеңінен ақпараттандыруға және планетадағы ең көп таралған аурулардың бірінің алдын алуға бағытталған.
Ауыз қуысының гигиенасы — бұл стоматологиялық аурулардың алдын алу мақсатында тіс шөгінділерін алып тастауға бағытталған шаралар кешені. Оның сапалы жүргізілуіне тек тістің саулығы ғана емес, сонымен қатар қызыл иектің, ауыз қуысы шырышты қабығының және тіпті асқазан-ішек жолдары мүшелерінің жағдайы да байланысты.
Ауыз қуысының гигиенасын не үшін сақтау керек?
Ауыз қуысында бактериялардың 20-дан астам түрі өмір сүреді, олардың тіршілік әрекетінің өнімдері тіс саулығына кері әсерін тигізеді. Бактериялар тамақтанғаннан кейін тісте қалып қойған тамақ қалдықтарымен қоректеніп, қышқыл бөледі. Ал қышқылдар тіс эмалін бұзып, микробтардың ішке енуіне жол ашады, нәтижесінде кариозды қуыс (тіс жегісі) пайда болады. Емделмеген жағдайда пульпа немесе периодонт зақымдалуы мүмкін.
Сонымен қатар, ауыз қуысының сапалы гигиенасы басқа да бірқатар функцияларға жауап береді:
- Эмальдің сау түсін сақтайды
- Тынысты сергітеді
- Қызыл иек пен пародонттың қабынуын ескертеді
- Стоматиттің (шырышты қабықтың қабынуы) алдын алады
Гигиенаны сақтамаса не болады?
Тиісті гигиеналық күтім болмаса, кариес дамиды, ол уақыт өте келе пульпит пен периодонтитке ұласып, асқынуы мүмкін. Бұл аурулар эндодонтиялық емдеуді қажет етеді, соның салдарынан тіс тіндері қоректенуден айырылып, морт сынатын болады.
Тіс тастарын уақытылы тазаламау қызыл иектің қабынуына және пародонтиттің дамуына әкеледі. Бұл ретте альвеола өсіндісінің сүйек тіні біртіндеп атрофияға ұшырайды, бұл тістерден айырылуға және қымбат тұратын протездеу қажеттілігіне әкеп соғуы мүмкін. Осылайша, тісті дұрыс және жүйелі түрде күту бүкіл ауыз қуысының саулығын сақтап қана қоймайды, сонымен бірге емделуге қарағанда экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді.
Ауыз қуысы гигиенасының түрлері
Үй жағдайында жүргізілетін жеке гигиена және стоматолог кабинетіндегі кәсіби гигиена болып бөлінеді.
Үйдегі ауыз қуысының гигиенасы жиналып қалған тамақ қалдықтарын алып тастауға және жұмсақ тіс қағын кетруге мүмкіндік береді. Тістің барлық бетін және тіс аралықтарын толық тазарту үшін тек щетка мен паста жеткіліксіз. Процедураға шайғыш сұйықтықты, тіс жібін (флосс) немесе ирригаторды қолдану кіруі керек. Ортопедиялық конструкцияларды немесе брекет-жүйелерді таққан кезде арнайы тіс ершіктерін де (щеткаларын) пайдалану қажет.
Гигиенаны сақтау үшін не қажет?
Ауыз қуысының сапалы гигиенасы үшін тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау маңызды. Жұмыс істеу механизмі бойынша щеткалар мануалды (қолмен), электрлі және ультрадыбыстық болып бөлінеді. Қылшықтарының қаттылығына қарай олар келесідей болады:
- Жұмсақ — 12 жасқа дейінгі балаларға, тістің сезімталдығы жоғары болғанда, сондай-ақ қызыл иек пен шырышты қабықтың жедел аурулары кезінде қолданылады
- Орташа қаттылықтағы — 12 жастан асқан, тісі сау барлық емделушілерге арналған
- Қатты — тіс тастарының түзілуіне бейімділік жоғары болған жағдайда қолданылады
Балалар жұмсақ щеткаларды пайдалануы тиіс, өйткені сүт тістерінің минералдану деңгейі төмен болады. 12 жасқа дейін орташа қаттылықтағы щеткаларға көшу ұсынылмайды, себебі бұл эмальдің қажалуына (тозуына) әкелуі мүмкін. Ересектер де, балалар да тіс щеткасын 3 айда кем дегенде 1 рет ауыстырып тұруы қажет.
Тіс пасталары ауыз қуысының күнделікті күтіміне арналған гигиеналық және емдік-профилактикалық болып бөлінеді. Соңғыларының құрамына, стандартты компоненттерден бөлек, тіс пен қызыл иектің жағдайын жақсартатын емдік қоспалар кіреді.
Емдік-профилактикалық пасталардың ішінде келесі түрлері ажыратылады:
- Кариестің алдын алуға арналған — құрамында фтор, кальций, фосфор тұздары бар
- Қызыл иекке арналған — құрамында бактерияға қарсы және қабынуға қарсы компоненттері бар (хлоргексидин, триклозан, шөптер)
- Сезімтал тістерге арналған — дентин өзекшелерін бітейтін стронций және калий қосылыстары бар
- Ағартатын — құрамында пероксидтер бар
Емдік-профилактикалық пасталардың көбі кешенді болып келеді, яғни бір уақытта бірнеше пайдалы қоспаны қамтиды. Алайда, гигиеналық пасталардан айырмашылығы, оларды тұрақты түрде үздіксіз қолдануға болмайды.
Тісті қалай дұрыс тазалау керек?
Тіс күтімі ережелеріне сәйкес, ауыз қуысын күнделікті тазалау процесі дұрыс жүйелілікті сақтай отырып, кем дегенде 3 минутқа созылуы тиіс:
- Тісті алдымен жоғарғы жақтан, содан кейін төменгі жақтан бастап тазалау керек.
- Қозғалыстың дұрыс бағытын қадағалау маңызды — қызыл иектен тіске қарай.
- Щетканың басын тіс қатарына қарай 45 градус бұрышпен орналастыру қажет.
- Тістің барлық қолжетімді беттерін — сыртқы, ішкі және шайнау беттерін тазалау керек.
- Тіс қатарларынан кейін тілді және ұрттың шырышты қабығын тазалау қажет.
Ең көп таралған қателік — щетканы көлденеңінен қозғалтып тазалау, бұл әдіс тіс қағын тек жан-жағына жағып, оны тіс-қызыл иек жүлгесіне (арасына) тығып тастает. Тек қызыл иектен бастап бағытталған тік тазалау қозғалыстары ғана тіс-қызыл иек жүлгесін тамақ қалдықтары мен қақтан тиімді түрде тазарта алады.
Тағы бір жиі кездесетін қателік — щетканы тым қатты басу. Бұл эмальдің қажалуына, сезімталдықтың артуына, ақаулардың пайда болуына және қызыл иектің рецессиясына (төмендеуіне/тартылуына) әкеп соғуы мүмкін. Ауыз қуысының сапалы гигиенасы көптеген қарқынды тазалау қозғалыстарын қажет етеді, бірақ бұл басу күшіне байланысты емес. Қазіргі заманғы электрлі тіс щеткаларында түсетін қысымды реттеуге мүмкіндік беретін кірістірілген датчик бар.
Гигиенаны сақтау үшін флосс (тіс жібі) та қолданылады. Флосспен тазалау кезінде белгілі бір жүйелілікті сақтау маңызды:
- Жіпті жақсы бекіту және созылуын қамтамасыз ету үшін оның үлкен бөлігі бір саусаққа келетіндей, ал екінші саусақта ең аз кесінді қалатындай етіп, қолдың сұқ саусақтарына катушка тәрізді орау керек.
- Қызыл иек бүртігін жарақаттап алмау үшін флоссты тістердің бірінің бүйір бетіне тығыз қыса отырып енгізу қажет.
- Тіс аралығын алдымен бір тіске, содан кейін екінші тіске қыса отырып, «аралау» қозғалыстарымен тазалау керек.
- Флоссты шығарып, келесі тіс аралығы үшін жіптің таза 3 см бөлігін босату қажет.
Процедураны жеңілдету үшін жіпке арналған арнайы бекіткіштерді пайдалануға болады. Флосспен өңдеуді әр тамақтанғаннан кейін жүргізген жөн, бірақ күніне кем дегенде 1 реттен сиретпеу керек. Егер тіс жібімен тазалау ауырсыну мен қанауды тудырса, оның орнына арнайы ершікті (щетканы) қолдануға болады. Негізгі айырмашылығы — оны тіс аралығына жоғарыдан емес, бүйірінен енгізеді. Тазалау алға-артқа қарай ілгерімелі қозғалыстармен жасалады.
ШҚО әкімдігінің «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК-ны жоғары санатты тіс дәрігері (стоматологы) Д.Н.Буханова