Балалардағы лейкемия
Балалардағы лейкемия
Лейкоз, немесе лейкемия – бұл қан ауруларының тобы, олар сүйек кемігінде ақ қан жасушаларының (лейкоциттердің) бақылаусыз көбеюімен сипатталады, нәтижесінде бұл жасушалар қалыпты қан жасушаларын ығыстырады.
Лейкоз бірнеше ондаған жылдар бойы зерттелгенімен, бұл дерттің даму себептері әлі күнге дейін толық анықталмаған. Негізгі патофизиологтар аурудың пайда болуын қоздыруы мүмкін бірнеше факторларды бөліп көрсетеді:
· Тұқым қуалаушылық. Дәл осы генетикалық ақаулар сүйек кемігінде жасушалардың бақылаусыз бөлінуіне әкеледі. Бұған отбасы мүшелерінің арасында аурудың кездесуі, сондай-ақ геномы бірдей болатын біржұмыртқалы егіздерде лейкоздың дамуының дерлік 100% жағдайы дәлел бола алады.
· Онковирустар. Табиғатта жасуша ішіндегі репликация үдерісіне жауап беретін құрылымдарды зақымдайтын вирустардың белгілі бір тобы бар. Мұндай жағдай көбіне иммундық жүйе күрт әлсірегенде байқалады.
· Радиациялық сәулелену. Бұл фактор хромосомалық аномалиялар мен генетикалық өзгерістерді туындатады, олар өз кезегінде лейкоздың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
· Канцерогендер. Кәсіби зиянды әсерлер, қоршаған ортаның жағымсыз факторлары қан түзу жасушаларының репликациясына кері әсер етіп, гемобластозды (соның ішінде лейкозды) қоздыруы мүмкін.
Жоғарыда аталған факторлардың әсерінен сүйек кемігінде қатерлі (бластты) жасушалардың шоғыры пайда болады («ақ» қан жасушаларының қатарына жатады), олар кейін қалыпты қан түзу ошақтарын ығыстырып, жалпы қан түзу үдерісін бұзады. Бұл процестің нәтижесінде ағзаның қорғаныш күші айтарлықтай төмендеп, иммундық жүйенің жұмысы тиімсіз болады.
Лейкозбен ауыратын науқастар келесі шағымдарды айтады:
· жалпы әлсіздік, шаршағыштық және дәрменсіздік;
· гематомалардың (қан құйылу) өздігінен пайда болуы;
· мұрыннан жиі қан кету;
· жатырдан қан кету;
· қызыл иектің қансуы;
· ауыр түрде өтетін жедел респираторлы вирустық инфекциялардың жиілеуі;
· сүйек ауруы;
· сол жақ қабырға астында жайсыздық сезімі.
Сондай-ақ, науқастарда лимфа түйіндері, көкбауыр мен бауырдың ұлғаюы, дене салмағының азаюы байқалады.
Егер осы белгілердің екеуі немесе одан көбі байқалса, гематолог-дәрігерден кеңес алу қажет.
ЦМИР онколог-гематологы Шипулина Е.В.