ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕГІ ҚАНТ ДИАБЕТІ
ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕГІ ҚАНТ ДИАБЕТІ
Жүктілік — әйел ағзасы үшін үлкен физиологиялық өзгерістер кезеңі. Осы уақытта кейбір әйелдерде қант алмасуының бұзылуы пайда болып, гестациялық қант диабеті (ГҚД) дамиды. Бұл ауру — жүктілік кезінде алғаш рет анықталған қандағы қант деңгейінің жоғарылауы.
Пайда болу себептері
Жүктілік кезінде плацентадан бөлінетін гормондар (эстроген, прогестерон, плаценталық лактоген және т.б.) инсулинге төзімділікті арттырады. Соның салдарынан:
- Инсулин жеткіліксіз бөлінеді немесе
- Ұлпалар инсулинге сезімталдығын жоғалтады.
Бұл жағдайда қандағы глюкоза мөлшері жоғарылап, қант диабетінің уақытша түрі пайда болады.
Қауіп факторлары
Гестациялық қант диабетінің даму қаупі келесі жағдайларда жоғары:
- Артық салмақ немесе семіздік;
- Бұрын ірі бала (4 кг-нан жоғары) тууы;
- Туыстарында қант диабетінің болуы;
- 30 жастан асқан жүктілік;
- Бұрын түсік, өлі туу немесе патологиялық жүктіліктер болуы.
Белгілері
Көп жағдайда айқын белгілер байқалмайды, бірақ кейде әйелдерде:
Шөлдеу,
Жиі зәр шығару,
Әлсіздік,
Терінің қышуы байқалуы мүмкін. Сондықтан диагноз арнайы талдаулар арқылы қойылады.
Диагностика
Жүктіліктің 24–28 аптасында барлық жүкті әйелдерге глюкозаға төзімділік сынамасы (ГТТ) жасалады.
Диагноз мына жағдайларда қойылады:
Ашқарында глюкоза ≥ 5,1 ммоль/л;
1 сағаттан кейін ≥ 10,0 ммоль/л;
2 сағаттан кейін ≥ 8,5 ммоль/л.
Емі және бақылау
Гестациялық диабеттің емінің басты мақсаты — ананың және ұрықтың асқынуларын болдырмау.
Негізгі ем шаралары:
1. Тамақтану тәртібі:
Қант, тәтті тағамдар мен ақ нанды шектеу;
Көкөніс, ақуызды тағамдар мен күрделі көмірсуларды көбейту;
Күніне 5–6 рет аз-аздан тамақтану.
2. Дене белсенділігі:
Жүру, жеңіл жаттығулар (дәрігер рұқсатымен).
3. Қандағы қантты бақылау:
Глюкометрмен күн сайын өлшеу
4. Инсулин терапиясы:
Егер диета мен белсенділік жеткіліксіз болса, дәрігер инсулин тағайындайды.
Мүмкін болатын асқынулар- Аналарда:
- Жүктіліктің асқынуы (гестоз, жоғары қан қысымы);
- Кесар тілігі қажеттілігі.
Нәрестеде:
- Ірі салмақ (макросомия);
- Туу кезінде жарақат;
- Туған соң гипогликемия.
Босанғаннан кейін:
Көп жағдайда босанғаннан кейін қандағы қант деңгейі қалпына келеді. Бірақ әйелде 2 типті қант диабеті дамуының қаупі жоғары болады.
Сондықтан босанғаннан кейін 6–12 апта өткен соң глюкозаға қайта сынама жасату ұсынылады.
Қорытынды: Жүктілік кезіндегі қант диабеті — уақытша, бірақ мұқият бақылауды қажет ететін жағдай.Дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және дәрігердің тұрақты бақылауы ана мен баланың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
АмБО акушер-гинеколог дәрігері Г.К.Амренова