Гипоаллергенді тұрмыс: аллергиясы бар бала үшін қауіпсіз ортаны қалай жасауға болады

Гипоаллергенді тұрмыс: аллергиясы бар бала үшін қауіпсіз ортаны қалай жасауға болады

Гипоаллергенді тұрмыс: аллергиясы бар бала үшін қауіпсіз ортаны қалай жасауға болады

Тұрмыстық аллергия — біздің заманымызда жиі кездесетін және айтарлықтай жағымсыз құбылыс. Ал қазіргі уақытта адам өмірінің 90%-ын ғимарат ішінде өткізеді.

Тұрмыстық аллергияның дамуында шаң маңызды рөл атқарады. Ол әртүрлі тектегі ұсақ бөлшектерден: тері қабыршақтары мен бактериялардан, саңырауқұлақ споралары мен жануарлардың қайызғағынан тұрады. Бұл әлі ұзақ тізімнің басы ғана.

Бірақ ең жиі кездесетін триггер — шаң кенесі. Ең көп таралған түрі, Dermatophagoides pteronyssinus, шаң үлгілерінің 90%-дан астамында кездеседі. Таралу жиілігі бойынша екінші орында — Dermatophagoides farinae. Көлемі 0,5 мм-ге дейінгі бұл кішкентай өрмекшітәрізділер қалай болғанда да әрдайым бізбен бірге өмір сүреді. Дегенмен, егер пәтер кеңістігін сауатты ұйымдастырып, үйді дұрыс жинаса, олармен жанасуды барынша азайтуға болады.

Егер Сіздің үйіңізде аллергиясы бар адам тұрса, мынадай бірнеше практикалық кеңесті ұсынамыз:

  • Шаң жинайтын заттардан арылу: Пәтерді шаң оңай қонатын заттардан босату қажет. Көлемді кілемдерді, жұмсақ ойыншықтарды, ауыр перделерді, ескі (оқылған) кітаптар мен журналдарды және т.б. алып тастаған жөн. Аллергиясы бар адамның пәтеріне жануарлардың терісін (тері кілемдерін) төсеуге қатаң тыйым салынады.
  • Күнделікті ылғалды тазалау: Пәтердегі (үйдегі, кеңседегі) ылғалды тазалау жұмыстары күнделікті жүргізілуі тиіс. Көптеген дәрігерлер бұл үшін арнайы шаңсорғыштар мен қосымша құралдарды пайдалануды ұсынады. Бөлмені балалардың көзінше жинауға кеңес берілмейді.
  • Заттарды жабық сақтау: Шаң көп жиналатын заттарды (төсек-орын жабдықтарын, кітаптарды, маусымдық емес киімдерді) тек шкафтың жабық бөлімдерінде сақтау керек.
  • Ауа тазартқышты қолдану: Ауа тазартқышты пайдалану мақсатты әрі тиімді болып табылады. Ауа тазартқыш тәулік бойы (әсіресе өсімдіктер гүлдеген кезеңде) жұмыс істеп тұруы керек! Ұйықтау кезінде жатын бөлмені таза ауамен қамтамасыз етіңіз. Күндізгі уақытта бөлмені қажеттілігіне қарай желдетіп отырыңыз. Бөлмедегі ылғалдылықтың оңтайлы деңгейін (шамамен 60%) сақтаңыз. Қажет болса, ауа ылғалдандырғыштарын қолданыңыз.
  • Бөлме өсімдіктерін азайту: Бөлме өсімдіктерінің санын барынша азайтыңыз. Үй гүлдерінің құмырасындағы топырақ зең саңырауқұлақтарының көбеюіне ең қолайлы орындардың бірі болып табылады.
  • Жуынатын бөлмелер мен дәретханаларды тазалауға ерекше көңіл бөліңіз. Беткі қабаттарды зең саңырауқұлақтарының өсуіне жол бермейтін және олардың колонияларын жоятын арнайы құралдармен өңдеу ұсынылады. Мұндай өңдеу жұмыстары айына кем дегенде 1 рет, ал жуынатын бөлме кішкентай, желдеткіші жеткіліксіз және үнемі пайдаланылатын болса — аптасына 1 рет жүргізілуі тиіс. Қолданылатын құралдардың қауіпсіздігіне, экологиялылығына және гипоаллергенділігіне баса назар аударыңыз! Ғимаратта ылғалдың пайда болуына жол бермеңіз.
  • Төсек-орын жабдықтары, көрпелер, жастықтар мен матрастар міндетті түрде гипоаллергенділік талаптарына сай болуы керек. Тек өндірушілер тікелей аллергиясы, демікпесі бар және терісі сезімтал адамдар үшін арнайы әзірлеген төсек жабдықтарын ғана пайдаланыңыз.
  • Есіңізде болсын, үлбірлі (тері) және жұмсақ ойыншықтарда үй шаңының кенелері өте көп мөлшерде болады. Осы себепті олар баланың төсегінде болмауы тиіс. Егер бала ойыншықпен ұйықтайтын болса, оларды мезгіл-мезгіл 8-12 сағатқа мұздатқышқа салып қоюға болады.
  • Үй жануарларының аллергиясы бар адам үшін гипоаллергенді, аллергия тудырмайтын немесе қауіпсіз түрлері болмайды! Аллергия белгілерінің қарқындылығы үй жануарының тұқымына (түріне) немесе жүнінің ұзындығына байланысты емес екенін ұмытпаңыз. Жануардың іздері (қайызғағы, сілекейі, жүні және т.б.) бүкіл бөлмеде болады! Жануарды үйден шығарғаннан кейінгі тиімділік тек бірнеше аптадан, кейде тіпті айлардан кейін ғана байқалады.
  • Тұрмыстық химиямен жанасуды шектеңіз, ал бала үшін мұндай жанасуды мүлдем болдырмаңыз! Гипоаллергенді тазартқыш құралдар мен ұнтақтарды пайдалануға тырысыңыз. Өткір иісі бар заттарды (дезодорант, әтір, шашқа арналған лак және т.б.) баладан алыс жерде қолданыңыз.
  • Тіпті пассивті шылым шегуден де аулақ болыңыз. Пассивті шылым шегу аурудың асқынуына түрткі болатыны дәлелденген.
  • Әрине, бұл тізімді әрқайсыңыз аллергиялық реакцияларды бақылау кезіндегі өз қажеттіліктеріңізге сәйкес келетін жеке тармақтармен толықтыра аласыз. Бұл ақпарат Сізге, Сіздің сүйікті балаларыңыз бен жақындарыңызға жайлы, қауіпсіз және экологиялық таза орта қалыптастыруға көмектеседі деп үміттенеміз! Дендеріңіз сау болсын!

«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК-ың дәрігераллергологы С.К. Елефтериади