Қауіпсіз жаз: балаларды серуендеу кезінде жарақаттан қалай қорғаймыз?

Қауіпсіз жаз: балаларды серуендеу кезінде жарақаттан қалай қорғаймыз?

Қауіпсіз жаз: балаларды серуендеу кезінде жарақаттан қалай қорғаймыз?

Жаз — балалардың мектеп уайымынан арылып, далаға асығатын шағы. Олар үшін бұл — жаңалықтар кезеңі, ал біз, ата-аналар үшін — мазасыздық үдейетін уақыт.

Мен «Ана мен бала орталығында» дәрігер-травматолог болып жұмыс істеймін. Жазғы уақытта біздің травматологиялық пункттегі кезекшіліктер өте қарқынды өтеді. Күн сайын алдыма серуендеп жүріп соғылып алған, буыны шыққан немесе сүйегі сынған ондаған кішкентай пациент келеді. Осы жағдайларды саралай келе, олардың көбінің алдын алуға болатынын түсінемін. Сондықтан балаларыңыздың каникулды гипссіз және көз жасынсыз өткізуіне көмектесетін бірнеше маңызды кеңеспен бөліскім келеді.

Көбінесе балалар травматологияға самокат, велосипед және роликтерден құлап келеді. Менің бұл мәселедегі ұстанымым нақты: қорғаныс құралдары — бұл таңдау емес, басты қажеттілік. Тізешік, шынтақша және шлем кию бала үшін аяқ киім кию сияқты үйреншікті әдетке айналуы тиіс. Әсіресе шлем бастың ауыр жарақатынан сақтайды, ал оның салдары тізедегі бірнеше сызатқа қарағанда әлдеқайда қауіпті.

Біз ауладағы ойын алаңдарын қауіпсіз деп ойлауға үйренгенбіз, бірақ білек сүйектерінің сынуы көбіне дәл осы жерде болады. Ойын алаңын міндетті түрде зерттеп шығыңыз. Әткеншектер мен сырғанақтардың жағдайын тексеріңіз: тот басқан, өткір қырлары бар немесе қатты тозған жабдықтар — бұл жерде ойнаудың қауіпті екенін білдіреді. Басты ереже: балаңызды сырғанақтан сырғанар немесе баспалдақтан секірер алдында, төменде ешкімнің жоқтығына көз жеткізуге үйретіңіз. Және ерекше айтқым келетіні — кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Жиі кездесетін жарақаттардың бірі — ересек балалардың байқаусызда кішкентайларды қағып кетуінен болады.

Батуттар. Мен травматолог ретінде кәсіби маманның бақылауынсыз батуттарға баруды ұсынбаймын. Тіпті қауіпсіздік торы болса да, бірнеше баланың бір уақытта секіруі — соқтығысуға, соның салдарынан омыртқа мен толарсақтың (тобықтың) ауыр жарақаттануына апаратын тікелей жол.

Су қоймалары. Жаз мезгілінде суға сүңгу кезінде алынатын жарақаттар өте жиі кездеседі. Есіңізде болсын: су түбі алдамшы келеді! Балаңызға бейтаныс және тексерілмеген жерлерде суға секіруге ешқашан рұқсат бермеңіз.

Аяқ киім таңдау. Ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен, дұрыс таңдалмаған аяқ киімнің кесірінен толарсақ (тобық) жарақаттары өте жиі ұшырасады. Белсенді ойындар мен жүгіру үшін өкшесі жақсы бекітілетін және табаны тайғанамайтын кроссовкаларды таңдаған жөн. Ал шәркейлер (шлепанцы) мен жұмсақ табанды сандалилерді асфальтта жүгіру үшін емес, тек жағажайда киген дұрыс.

Бала жарақат алып қалған жағдайда не істеу керек?
Егер бала құлап, қатты ауырсынуды айтса, қол-аяғы қисайып көрінсе немесе ісінуі тез ұлғая бастаса — өз бетіңізше емдеумен мүлдем айналыспаңыз!

Дененің зақымдалған бөлігін қозғалтпай, толық тыныштық қалыпта сақтаңыз.

Жарақат алған жерге 15-20 минутқа мұз немесе суық басыңыз (міндетті түрде мата арқылы!).

Қол-аяқты өз бетіңізше орнына салуға немесе түзетуге ешқашан тырыспаңыз.

Күрделі сынықты өткізіп алып, асқындырғаннан көрі, уақытында сақтанып, дәрігерге тексерілу үшін травматология пунктіне келген жөн.

Басты кеңес: Балаға белсенді серуендеуге тыйым салмаңыз. Ол қозғалуы, жүгіруі және әлемді тануы керек. Сіздің міндетіңіз — шектеу қою емес, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып, оқыс оқиғалардың алдын алу. Баланың қасында болыңыз, мұқият болыңыз. Осы жаз медициналық анықтамалардың емес, жарқын да ұмытылмас эмоциялардың мезгілі болсын!

ШҚО ДСБ «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК дәрігер-травматолог-ортопеді А. М. Каламов