Артериялық гипертензия – «Жасырын жендет»
Артериялық гипертензия – «Жасырын жендет»
Біз әдетте ауырсыну немесе әлсіздік мазалағанда ғана денсаулығымызға назар аударуға дағдыланғанбыз. Алайда, клиникалық белгілері білінбей дамитын аурулар да бар. Солардың бірі — артериялық гипертензия. Оны халықаралық тәжірибеде «жасырын жендет» деп текке атамаған: пациент жылдар бойы өзін сау сезінуі мүмкін, ал бұл уақытта жоғары қан қысымы жүректі, бас миын, бүйректі және қан тамырларын зақымдай береді.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы үшін өте өзекті болып табылады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, гипертензия ересек тұрғындардың 42%-ында анықталады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл нозологиямен 1 776 876 адам диспансерлік есепте тұрды. Ауру жағдайларының басым бөлігі профилактикалық медициналық тексеріп-қарау (скрининг) барысында анықталады. 2025 жылы Қазақстанда артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер аясында 1,7 миллионға жуық адам қамтылды. Нәтижесінде 114 мың адамнан ерте сатыдағы қан айналымы жүйесінің аурулары табылды, оның ішінде 99 мыңға жуығы — артериялық гипертензия жағдайлары.
Бұл көрсеткіштер айқын бір фактіні дәлелдейді: уақтылы тексерілу ауруды ауыр асқынулар дамығанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.
«Ештеңем ауырмайды, демек, қан қысымым қалыпты». Көптеген адам осы қате тұжырымға сүйенеді. Алайда симптомдардың болмауы патологияның жоқтығын білдірмейді. Бас ауруы, бас айналу, құлақтың шуылдауы, жалпы әлсіздік, көз алдының бұлдырауы қан қысымы жоғарылағанда байқалуы мүмкін, бірақ бұл белгілерге қарап қысым деңгейін дәл анықтау мүмкін емес. Көбіне гипертензия айқын клиникалық көріністерсіз өтеді. Сондықтан қан қысымының деңгейін білудің жалғыз сенімді жолы — оны өлшеу. Тіпті өзіңізді толықтай сау сезінген жағдайда да қан қысымын жүйелі түрде бақылап отыру қажет.
Артериялық қан қысымының ұзақ уақыт бойы жоғары болуы несімен қауіпті?
Артериялық қысым – бұл қан ағысының тамыр қабырғаларына түсіретін гидродинамикалық күші. Егер бұл жүктеме ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталса, тамырлар мен ағзалар біртіндеп деструктивті өзгерістерге ұшырайды. Бұл ретте «нысана-ағзалар» (соққыға бірінші болып төтеп беретін мүшелер) ерекше зардап шегеді:
- Жүрек. Оған жоғары қарсылық жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Уақыт өте келе миокардтың гипертрофиясы (жүрек бұлшықетінің жуандауы) дамып, оның жиырылу функциясы бұзылады. Бұл миокард инфарктісінің, жүрек жеткіліксіздігінің және жүрек ырғағы бұзылуының даму қаупін айтарлықтай арттырады.
- Бас миы. Жоғары артериялық қысым — инсульттің негізгі қауіп факторларының бірі. Қан тамырларындағы өзгерістер біртіндеп қалыптасады және ұзақ уақыт бойы клиникалық тұрғыдан білінбеуі мүмкін. Сондықтан артериялық қысымды бақылау — ми қан айналымының жедел бұзылуының (инсульттің) алдын алудың ең маңызды әдісі.
- Бүйрек. Бүйрек микроциркуляторлық тамырлардың күрделі желісінен тұрады және қанды үздіксіз фильтрациядан өткізеді. Созылмалы жоғары қысым осы қылтамырларды зақымдап, бүйрек функциясының біртіндеп төмендеуіне (нефропатияға) әкеледі. Өз кезегінде, бүйрек патологиялары қан қысымының одан ары артуын тудырады. Осылайша патологиялық тұйық шеңбер пайда болады, оны мүмкіндігінше ерте үзу қажет.
- Көру мүшесі. Жоғары қысым көз торының (сетчатка) тамырларын зақымдап, ангиопатияға және көз түбінің өзгеруіне әкеледі. Ұзақ уақыт бойы бақыланбаған гипертензия кезінде көру қабілетінің қайтымсыз бұзылу қаупі жоғарылайды.
Өмірлік маңызы бар бірнеше минут
Қан қысымын үйде өлшеу — өз жағдайыңды мониторингтеудің қарапайым әрі қолжетімді әдісі. Үйде бақылау жүргізу үшін иыққа тағылатын манжетасы бар автоматты тонометрді пайдалану ұсынылады. Өлшеу алдында бірнеше минут бойы тыныш күйде отыру қажет. Қан қысымын физикалық жүктемеден, шылым шегуден немесе кофе тұтынғаннан кейін бірден өлшеуге болмайды. Процедура барысында арқаны сүйеп, аяқты айқастырмай еденге тік қойып отыру, ал қолды жүрек деңгейіндегі тірекке орналастыру талап етіледі.
Егер өлшеу нәтижесі күтпеген жерден жоғары болса, процедураны бірнеше минуттан кейін қайталауға болады. Көрсеткіштерді тұрақты түрде жазып алып, «Артериялық қысым күнделігін» жүргізу маңызды. Осындай мониторинг деректері емдеуші дәрігер үшін маңызды клиникалық ақпарат көзі болып табылады. Қан қысымының бір реттік жоғарылауы диагноз қоюға негіз болмайды, өйткені бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін. Көрсеткіштерге физикалық жүктеме, стресс, ұйқының қанбауы, кофеин және басқа да экзогендік факторлар әсер етеді. Сондықтан артериялық гипертензия диагнозын бір ғана өлшеу негізінде өз бетінше қоюға болмайды. Қысым жүйелі түрде жоғарылаған жағдайда дәрігерге жүгіну қажет. Маман қайталанған өлшеулердің нәтижелерін, жалпы денсаулық жағдайын, қауіп факторларының профилін бағалап, қажет болған жағдайда қосымша зертханалық-инструменттік тексерулер тағайындайды.
Маңызды ескерту: антигипертензивті препараттарды қабылдауды өз бетінше бастауға, тоқтатуға немесе олардың дозасын өзгертуге қатаң тыйым салынады.
Пациенттің өз жауапкершілігіне не жатады?
Артериялық қысымды бақылау тек медикаментозды терапиямен шектелмейді. Мұнда салауатты өмір салты қағидаттарын сақтаудың маңызы зор: рационалды тамақтану, ас тұзын тұтынуды шектеу, барабар физикалық белсенділік, темекі шегуден бас тарту, алкогольді тұтынуды шектеу және толыққанды ұйқы гигиенасы. Бұл қарапайым ұсыныстар сияқты көрінгенімен, жүрек-қан тамырлары жүйесінің ұзақ жылдар бойы компенсаторлық мүмкіндіктерін сақтауын анықтайтын дәл осы факторлар болып табылады.
Скрининг — шағымдар пайда болғанға дейін денсаулықты тексеру мүмкіндігі
Қазақстан Республикасында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, нысаналы жас топтары үшін артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған профилактикалық скринингтік тексерулер жүргізіледі. 2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесіндегі сақтандырылу мәртебесіне қарамастан, халықтың бірқатар скринингтік бағдарламаларға қолжетімділігін кеңейтті. Тұрғындар үшін өз қысымының көрсеткіштерін білу ғана емес, сонымен қатар бекітілген алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымы бойынша тексерілу мүмкіндіктерін пайдалану да маңызды.
Шұғыл медициналық көмек қашан қажет?
Қан қысымының критикалық деңгейге дейін, яғни 160-180/120 мм сынап бағанасы және одан жоғары көтерілуі, әсіресе қауіпті клиникалық белгілермен қатар жүрсе, ерекше қауіп тудырады.
Мұндай белгілерге: кеуде торындағы ауырсыну немесе айқын дискомфорт, үдемелі ентігу, сөйлеудің бұзылуы (дизартрия), аяқ-қолдың кенеттен әлсіреуі немесе парестезиясы (ұюы), көру қабілетінің күрт төмендеуі, сананың шатасуы, синкопе (естен тану) немесе кенеттен пайда болған қарқынды бас ауруы жатады. Бұл жағдайда шұғыл (жедел) медициналық көмек шақыру қажет. Медицина маманының тағайындауынсыз дәрі-дәрмектің қосымша дозаларын қабылдау арқылы өмірге қауіпті жоғары қысымды өз бетінше түсіруге тырыспау керек.
Артериялық гипертензия — үкім емес. Дер кезінде диагностикалау және дұрыс таңдалған емдік тактика арқылы көптеген жағдайларда қан қысымын тиімді бақылауда ұстауға болады.
Жүрегіңізді күтіңіз, артериялық қысымыңызды бақылаңыз және профилактикалық тексеруден өтуді кейінге қалдырмаңыз. Өйткені аурудың алдын алу, оның салдарымен күрескеннен әлдеқайда тиімді.
«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ-дағы МКК терапевт дәрігері Г. Т. Дилдабекова