Балалардағы аккомодация спазмы

Аккомодация спазмы – аккомодацияның жіті патологиялық артық тонусы, ол рефракция миопизациясы мен максималды түзетілген көру өткірлігін төмендеуіне әкеп соқтырады.

Аккомодация – көздің фиксация объектісіне оптикалық бағытталуының бірыңғай механизмі, ол кірпікті бұлшық ет тонусымен, дәлірек айтқанда кірпікті дене бұлшық етінің балансымен айқындалады.

Нағыз аккомодация спазмы жіті пайда болады. Оның клиникасы айқын болатыны соншалықты пациенттер дәрігерге шұғыл көрінеді, себебі бұл жағдай миопия жағына қарай рефракцияның өзгеруін туғызады да, көру өткірлігін күрт төмендетеді (рефракция 8-10 диоптриге дейін төмендейді). Аккомодация спазмы көбінесе – невроздың, стресс жағдайының, кейде көруге аса көп күш салумен қосылған эмоционалдық шиеленіс нәтижесі. Аккомодация спазмына бассүйек-ми зақымының салдары болуы мүмкін. Оны невропатологпен және психотерапевпен бірлесіп емдеу қажет.

Себептері

Кірпік бұлшықетінің жоғары тонусы мен аккомодацияның бұзылуының негізгі себептері:

–  вегетативті иннервацияның бұзылуы;

–  жақыннан ұзақ жұмыс істеу (компьютер, оқу, жазу, сурет салу);

–        нашар жарықтандырылған жайда, бұлыңғыр мәтінмен  жұмыс істеу;

–        толыққанды тамақтанбау, В тобындағы дәрумендер мен ақуыздың жетіспеушілігі;

–        инфекциялық аурулар;

–        психоэмоционалды жүктемелер мен стресс;

–        толыққанды демалыстың жоқтығы.

–        Көбінесе 12-18 жастағы жасөспірімдерде дамиды, бірақ одан да ерте жаста да кездеседі, сирек жағдайда – ересектерде.

Белгілері:

Бұл жағдайдың негізгі белгілері – көрудің біртіндеп және тұрақты төмендеуі (алыстан көру нашарлайды). Бастапқыда жақыннан жұмыс істеген кезде шаршағыштық, қалжырау, көз алмасының ауруы мен жайсыздығы пайда болады. Бас ауруы, тіпті зейіннің шоғырлануы нашарлауы пайда болуы мүмкін. Көздің шаршағыштығын заттардың контуры мен ұсақ бөлшектері бұлдырауынан, оқу кезінде мәтін айқын көрінбеуінен байқалады. Бұл белгілер демалған кезде әлсірейді немесе жойылады. Кейбір жағдайларда көру өткірлігі бір мезетте нашарлайды – пациент көрудің нашарлау күнін, сағатын және мән-жайын дәл көрсете алады.

Невролог орталық жүйке жүйесінің қызметінің бұзылуын байқайды. Ауруға оптиконевроз деген диагноз қойылуы мүмкін.

Емдеу

Емдеу аса қиын. Көбінесе невропатологтің кеңесі мен психотерапевтің көмегі қажет.

 Балалардағы аккомодация спазмын емдеу бірнеше бағытта жүргізіледі:

–        дәрі-дәрмектік емдеу;

–        аккомодацияның үйдегі жаттығулары;

–        емдеудің функционалдық әдістері;

–        аппараттық емдеу.

Ауру белгілерін емдеу әдетте қарашықты үлкейтіп, көз бұлшықеттерін босаңсытатын тамшылардан басталады, бұл – пациенттің жағдайын бірден жеңілдетуге мүмкіндік береді. Содан кейін кешенді терапия құрамында арнайы аппараттар мен магниттік ширықтырудың, лазерлік ширықтырудың, фотоширықтырудың, электрлік ширықтыру, инемен рефлексотерапия мен вакуумдық массаждың  арнайы компьютерлік бағдарламалары қолданылатын жаттығулар пайдаланылады.

Балалардың аккомодация спазмының алдын алу.

Сабақ арасында демалу, мобильді телефон мен планшетте ойынның болмауы, компьютерді пайданудың шектеулі уақыты.

– Жұмыс орнын дұрыс жабдықтау аса маңызды. Компьютер монитордың ортасы қараудың көлденең сызығынан 15-25 см төмен орналасатындай етіп қойылуы керек. Көз бен монитордың арақашықтығы 60-70 см болуы тиіс. Үстел мен орындықтың биіктігін баланың табаны еденге тиіп тұратындай етіп таңдау қажет. Бала басын еңкейтпей отыруы керек. Балалар көбінесе қолдарын жастанып үстелге жатып алады, бұл бастың бұрылуына әкеледі, демек сол және оң көзге әртүрлі күш түседі. Содан барып жұмыс қабілетінің нашарлайды, көздің көру қызметі төмендейді.

– Жарықтандыру маңызды: қараңғыда компьютермен жұмыс істеуге болмайды, сондай-ақ жарықтандыру құралдары экранға тым жарық түспеуі керек – қосымша шағылысу көзді шаршатады. Баланың жасына сәйкес ұйқы режимі міндетті түрде сақталуы керек. Таза ауада серуеңдеу, спортпен айналысу жалпы жағдай мен физикалық күйін жақсартады.

– Еуропалық офтальмологтер 20-20-20 қағидасын ұсынды. Ол тек балаларға ғана емес, ересектерге де келеді. Компьютермен 20 минут жұмыс істеу, 20 секунд үзіліс, осы 20 секундта адам 20 фут алысқа қарайды, бұл – 6 метр, одан адам көзі барынша демалады.

– Ал балаларға келсек, оларға сабақ арасында үзіліс тектен-текке берілмеген. Дәл осындай үзілістерді үйде де үй тапсырмасын жасағанда, компьютермен жұмыс істегенде де жасау керек.

Бүгінгі күні «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК консультативті емхана мен көз микрохирургиясы жанындағы балалардың көзін сақтау кабинетінде балалардағы аккомодация мен рефракция бұзылуын емдеудің дәрі-дәрмектік және функционалдық кешенді емдеуі жүргізіледі. Жыл сайын балалардың көзін сақтау кабинетінде көруі нашарлаған 900 астам бала ем алады, оның ішінде аккомодация спазмы барлары орташа есеппен 400 жуық пациент.

 «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК Көз микрохирургиясы бөлімшесінің офтальмолог дәрігері

Динара Каликановна Макадилова